Қаратөбе мәдениет үйінде «Асыл ана» көп балалы аналар байқауы мәреге жетті.
Әйел – отбасының ұйытқысы, ізгіліктің бастауы. Байқау осындай қазақы аналарымыздың бейнесін насихаттау мақсатындағы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен сайысқа 23 – 39 жас аралығындағы 7 ана қатысты.
Өнер сайысында аналарымыз «Әйел – үйдің ырысы» кезеңінде өзін-өзін таныстыру, «Ине-жіптен игілік иірермін» кезеңінде қолөнер бұйымдарынан өздерінің ісмерліктерін көрсетті. Үшінші «Ата салтым – тәлімді ой сынағым» кезеңінде қазақтың салт-дәстүрлеріне, наным-сенімдеріне байланысты сұрақтарға жауап берсе, «Өнер менің өмірімде» кезеңінде бесік жырын айтып сынға түсті. Соңғы кезең «Әсем киім – әйел көркі» кезеңінде заман талғамына сай ұлттық нақыштағы жұмыс киімі үлгілерін көрсетті.
Шараға қатысушылардың сахнаға жан-жақты әзірліктерімен шыққаны көрініп ақ тұр.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені жусандыойлық Кәмшат Олжатаева жеңіп алып, облыстық кезеңіне жолдама алды. Ал, І орын қоскөлдік Үзілдік Бөлекбаеваға, ІІ орын Қаракөлден келген Гаухар Айдароваға, ІІІ орын сулыкөлдңе Венера Ербөлековаға бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,
Қаратөбе ауданы